Өмірбаян
Коргасбеков Рахметолла Оразахунович 1958 жылы 9 мамырда Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. 1965 жылы Үшарал орта мектебіне 1-сыныпқа барып, мектеп табалдырығын аттады. 1975 жылы Айдарлы орта мектепті бітірді.
Мектеп бітірген соң арман қуған жас жігіт 1976 жылы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтының физика факультетіне оқуға түседі. 1980 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуын тәмәмдайды. Біліммен қаруланған жас маман еңбекке құлшына кіріседі. 1980-1981 жылдары өзінің туып-өскен жері Жаркент өңіріне оралып еңбек жолын Көктал ауылындағы Жданов орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды.
1981-1984 жылдары Үлкеншыған орта мектебіне өз мамандығы бойынша физика пәнінің мұғалімі болып ауысады. 1984 жылы Қалиева Күміс Толқынбекқызымен шаңырақ көтереді. Қалиева Күміс Толқынбекқызы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін химия мамандығы бойынша бітірген. Садыр орта мектебінде жемісті еңбек еткен.
Рахметолла Оразахунұлы 1984-1989 жылдары Садыр орта мектебіне физика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
1989 жылдың 25 қазанынан бастап Садыр орта мектебінің директоры болып тағайындалады. Жемісті еңбек жолында көптеген шәкірттерді біліммен қаруландырады. Садыр ауылының қоғамдық-әлеуметтік өміріне де белсене ат салысады. Жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар тағлымды тәрбие береді.
Қорғасбеков Рахметолла алғаш мектеп басқарғанда мектепте барлығы 18 мұғалім жұмыс атқарған. Бүгінгі таңда мектепте жоғары білімді 45 мұғалім жұмыс істейді. 1990 жылдан бастап арнаулы орта мектеп.
Еңбекпен, қажырлы қайратқа толы жемісті жылдарында көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарады. Мектебімізден көптеген "Алтын белгі" иегері, «Үздік аттестат», «Күміс белгі» иелері түлеп ұшты. 1991 жылы Тохтарбаева Гүлшат «Алтын белгі» иегері атанып, Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы мединститутына оқуға түсті. 1992 жылы Дауытова Алянур, Дауытова Ләйла, 1993 жылы Елікбаев Қуат, Нұрбопаева Шолпан «Күміс белгіге» аяқтады. 1995 жылы Сасыков Талип, Бакиева Махинұр, 1998 жылы Қожамқұлова Жадыра, Пахрамова Айда, 1999 жылы Таипов Сухрат, 2003 жылы Қорғасбеков Дархан, Асқарова Жұлдыз, Ахметова Феруза, Ахметова Ранагүл, Ахметова Алиям, Жалелова Гүлминам «Үздік аттестатқа» ие болды.
2005 жылы Қорғасбеков Дастан «Алтын белгі» иегері, 2011 жылы Боранбай Мейірбек «Үздік аттестат» иегері. 2016 жылы Смағұл Қымбат «Алтын белгі» иегері. Мәди Алишер «Үздік аттестат» иегері. 2018 жылы Әубәкір Гүлзия «Алтын белгі» иегері. 2019 жылы Мұсахмет Тәлей «Алтын белгі» иегері. 2020 жылы Мұсахмет Талшын, Ботан Аяулым «Алтын белгі» иегерлері. Ибраим Абзал, Исраил Ш, Амраева Тахмина «Үздік аттестатқа» ие болды.
Мектеп жұмысының жемісті болуы ұжымды басқарып отырған басшыға тікелей байланысты болғандықтан заман талабына сай жаңару жолында. Бүгінгі күні қарқын алған талаптарды Рахметолла Оразахунұлы өзінен бастайды. Өз жұмысына сын көзбен қарап, падагогикалық үрдіске талдау жасап, өз білімін жетілдіріп отырады.
Жемісті еңбегі еленіп, жігері мен біліктілігі ескеріліп 2010 жылы Алматы облыстық білім басқармасының мақтау қағазымен марапатталды.
2012 жылы жас ғалымдардың ІХ халықаралық конференциясында І дәрежелі дипломмен марапатталады.
2014 жылы Алматы облысының білім басқармасының Құрмет Грамотасымен марапатталды.
2015 жылы Қазақстан Республикасының "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен марапатталады.
2017 жылы Қазақстан Республикасының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» төсбелгісіне ие болды.
Жанұясында үлгілі әке, салиқалы ата бола білді. Жанұясында жұбайы Күміс Толқынбекқызы екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Дархан Қаныш Сәтбаев атындағы университеттің мұнай бұрғылау факультетінің түлегі. Қазіргі кезде ұстаздық жолды жалғастырып Қаныш Сәтбаев университетінде ұстаздық қызметін атқаруда.
Ұлы Дастан мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Экономика және бизнесі» жоғары мектептетің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығының түлегі. Магистр. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінің экономика институтында бас ғылым хатшысы қызметін атқарған. Экономика мамандығы бойынша РҺd докторанты. Ғылыми қызметкер, жас ғалым. Қазақ ғылымының дамуына өз үлесін қосты.
Қызы Жансая Асфендияров атындағы мединститутының түлегі. Қазіргі таңда өз мамандығы бойынша қызмет атқаруда. Ұлы Дархан 4 баланың әкесі. "Адам ұрпағымен мың жасайды" демекші бүгінде Рахметолла ағай тамырын тереңге салған мәуелі бәйтерекке айналып отыр. "Ұстаз- мәңгілік нұрдың шырақшысы" дегендей шәкірт жүрегіне жаққан білім шамшырағы жылдар өте лаулай түсуде. Шәкірттері ұстаз үмітін ақтап, қазақ еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек, халқына қызмет етуде.
Рахметолла Оразахунұлы – жас ұрпаққа терең де сапалы білім, парасатты тәрбие беруде білікті де білгір басшы ретінде қазіргі заман талабына сай жемісті еңбектеніп жүрген білімды маман, білікті басшы.