Нурбаева Гульмира Жакатаевна Әл-Фараби атындағы орта мектепте 2002 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Білімі жоғары, жоғары санатты мұғалім. Жалпы педагогикалық өтілі 33 жыл. Әл-Фараби атындағы орта мектептегі 18 жылдық қызмет өтілінде өзінің көпқырлылығымен, еңбексүйгіштігімен, ізденімпаздығымен ерекшеленген ұстаз жұмысқа жауапкершілікпен қарайтындығын да айқын танытты. Гульмира Жакатаевнаның ұстанымы – оқушыларға тарихты меңгерте отырып, болашаққа нық қадам басатын білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жұмысқа қабылданған жылы сынып жетекшілікті қатар алып, екі буын ұрпақты мектеп табалдырығынан қанат қақтырды. 2010 жылы Тұран университетінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық іс-шараға 10-сынып оқушыларын қатыстырып, жүлделі ІІ орынды иеленді. 2008- 2009 оқу жылында оқушысы Т.Раимкулов, 2016-2017 оқу жылында М.Казимир, В.Стаценко «Алтын белгімен», Е.Карчкова үздік аттестатпен тәмамдады. Тек оқу үдерісінде емес, өзін құзыретті мұғалім ретінде көрсете алғандықтан, 2011 жылы Қойшыбек орта мектебін тексеруге барған аудандық фронтальді комиссия құрамында болды. 2012-2013 оқу жылында Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектепке облыстық аттестациялық комиссия мүшесі болып барды.
2015 жылдын 1 қазанынан аталған мектептегі оқу ісінің меңгерушісі қызметін қолға алды. Г.Ж. Нурбаева мектептегі білім сапасын арттыруға көңіл бөле отырып, сабақтың да сапалылығына, мұғалімдердің құзыреттілігіне баса назар аударатын. 5 жылдық орынбасарлық қызметінде өзінің функционалдық міндеттерін өте тиянақты, жүйелі атқарып келеді.
Сонымен қатар Г.Ж. Нурбаева оқу ісінің меңгерушісі болған жылдары мектептің ҰБТ бойынша орта балы 70 пайыздан жоғары көрсеткіш көрсетіп отырды. Аталған жылдарда 8 үздік аттестат және 18 «Алтын белгі» иегерін шығарды. 2020 ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілі ретінде Кеген ауданына ҰБТ өткізілуіне жауапты болып барды. Өз қызметін жауапкершілікпен ұйымдастыра білген ұстазға Кеген ауданының әкімі ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттаған.
Гульмира Жакатаевнаның басшылық қабілетке бейімі, қабілеті оның 10 жылдай кәсіподақты басқарғанынан, сайлау комиссиясының төрағасы қызметін жүйелі, тиянақты жүргізгенінен көруге болады. Кәсіподақ төрайымы болған 2005-2015 жылдар аралығында мектеп мұғалімдері мен әкімшілік арасындағы түрлі даулы мәселелерді әділ де парасаттылықпен шеше білді. Әрдайым мұғалімдердің мүддесін қорғайтын Гульмира Жакатаевнаны бүкіл ұжым сыйлайды. Мектеп директоры міндетін атқарып отырған уақытта ұжым мен әкімшілік бір-бірімен үндестікте бірлесе қызмет етсе, мұнда Г.Ж. Нурбаеваның еңбегі зор. Жасы үлкен мұғалімдерден бастап, жаңадан жұмысқа қабылданған жас мамандардың да ықыласына бөленген ұстазды Бәйтерек ауылының тұрғындары да құрметтейді. Ата-аналармен де тіл табыса білетіні оның сынып жетекшілік атқарған жылдағы қызметінен белгілі.
2010 жылдан бері № 185 сайлау уческелік комиссиясының төрағасы қызметін қоса алып келе жатқан Г.Ж. Нурбаеваны ауыл тұрғындары жақсы біледі. Аталған қызметті тиімді ұйымдастыруымен, сырттан келген бақылаушылармен тіл табыса білуімен ерекшеленді.
Г.Ж. Нурбаева аудандық, облыстық және республикалық Құрмет грамоталарымен марапатталған. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған сырттай оқу мектебіне оқушылар дайындағаны үшін грамотамен мадақталған. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Адам. Қоғам. Құқық» және «Қазақстан тарихы» пәндерінен мұғалімдерге арналған Республикалық қашықтық олимпиадасына қатысып, жүлделі І орын иеленген. Сонымен бірге оқушылары Баширов А., Рысбаева К., Казимир М., Бушукова Э., Губенко В., Гилманова А. Республикалық қашықтық олимпиадасына қатысып, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленген.
Кәсіби әрекетін жаңашылдықпен ұйымдастыра білетін ұстаз озық тәжірибелерді де түрлендіріп қолдана біледі. Г.Ж. Нурбаева әр тұлғаның қабілеті мен дарынын аша білетін, өзіндік ұстанымы мен құндылығы айқын, пәнін, шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін ұстаз ретінде танылды. Кәсіптік дайындық деңгейін, әкімшілік қызметтегі тәжірибесін ескере отырып, Г.Ж. Нурбаеваны конкурстық негізде жоғары қызметке ұсынуға болады.
Кәсіподақ ұйымының төрайымы: Тұрсынбекқызы Ә.